<> Аргентинаның алтын ұлы.... - 2 Августа 2013 - СПОРТ САЙТЫ
Главная » 2013 » Август » 2 » Аргентинаның алтын ұлы....
11:05
Аргентинаның алтын ұлы....
Доп қуған бүгінгінің баласы Мессиге еліктейді. Тіпті, қазақ баласы қазақ футболшысынан гөрі Мессиді күнде қасында жүргендей жақсы таниды. Жанкүйерлер оның әр ойынын үзбей көреді. Ал, алаңдағы шапшаң, шебер, құйындай қимылын суреттеп жатудың өзі артық шығар. Жаһан жұртшылығы "Жаңа Марадона” деп атап кеткен Леоның шеберлігіне таңдай қақпағандар кемде-кем. 

 

«Мессиді тоқтату мүмкін емес», депті Франция құрамасының футболшысы Тьерри Анри. Ал «Барселона» командасының физиотерапевті Хуанхо Брау: "Лионель – футболдың мәні, маңызы” десе, камерундық Самуэль Это`о "Криштиану өте жақсы футболшы, бірақ меніңше, Лео Месси одан асып түседі. Ол бүгінгі Марадона”, – деп бағалайды әріптесін. Хосе Луис Моралес: "Месси кез келген уақытта ойынның барысын өзгертіп, қолына ала алатын керемет ойыншы», – деп таңданса, әйгілі жерлесі Марадона: "Еуропаны жаулау екі аргентиналықтың – мен және Мессидің қолынан келді», – дейді. "Аргентиналықтар үшін ең мықты ойыншы Марадона болып есептелетін болса, ендеше Месси сол деңгейге жетті” деген екен "Барселонаның” қорғаушысы Габриэль Милито.
Ал, 2010 жылы сәуірде "Барселона” сапындағы шабуылшы Месси "Арсеналдың” қақпасына қатарынан төрт гол соғып, покер жасаған болатын. Сол ойыннан кейiн каталониялықтардың бас бапкерi Хосеп Гвардиола «аргентиналық Леоның ойынын ауызбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Л.Месси сияқты ойыншылар отыз жылда бiр рет туады» деген болатын. Міне, осылай Мессиді мақтаған майталмандар жетіп артылады.
Лионель Андрес Месси 1987 жылы 24-маусымда Аргентинаның Росарио қаласында дүниеге келген. Әкесi Хорхе – фабрикада қарапайым жұмысшы. Шешесi Силия – еден жуушы. Л.Мессидiң Родриго мен Матиас есiмдi екi ағасы және Мария Соль деген қарындасы бар.
Лионель бес жастан футболмен «ауыра» бастады. Ең алғаш ол өзі тұратын қаланың «Ньюэллз Олд Бойз» клубында өнер көрсетеді. 11 жасында ата-аналарымен Барселонаға көшеді. «Барселона» командасының бапкерлері жас жеткіншектің бойынан талантты танып, 13 жасында Каталонияның бас клубының жастар командасына қабылдайды. Ол әрбір ойында ерекше мәнерімен жиі көрінді. Командада әр ойын сайын 1 голдан соғып тұрған.
2004 жылы қазанда Лионель Месси бас команда сапына өтіп, өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Алғашқы ойынын «Эспаньолға» қарсы өткізді. Сөйтіп, аргентиналық «Барселона» тарихындағы үшінші ең жас футболшы атанды. 2005 жылдың 1-мамырында «Альбасете» қақпасына негізгі құрамдағы алғашқы добын салған сәтте Лионель әлі 18-ге де толмаған еді.

Отан – Испаниядан да ыстық

Аргентина жастар құрамасында тұңғыш ойын өткізгенге дейін Мессиге Испанияның ұлттық командасы үшін өнер көрсету туралы ұсыныстар жіберілген. Алайда, Месси олардың меселін қайтарып: «Отанымның ұлттық құрамасында ойнаймын», – деп жауап береді. 2004 жылдың маусым айында Месси туған елінің жастар құрамасы сапында Парагвайға қарсы алғашқы ойынын өткізді. 2005 жылы жазда ол Аргентина мен Нидерланд алаңдарында өткен жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Қызғалдақтар еліндегі турнир қорытындысы бойынша Месси 6 гол соғып, «мерген» және чемпионаттың «үздік ойыншысы» атақтарына ие болады.
Сол жылдың 4-тамызында Аргентина құрамасының бас бапкері Хосе Пекерман Мессиді Мажарстанмен (Венгрия) болатын ойынға шақыртады. Бірақ, кездесуде үш-ақ минут өтісімен «жаңа Марадона» бірінші рет қызыл карта алып, ойыннан шығып қалады. 2005/06 маусымында Лионель «Ноу Кампта» Чемпиондар Лигасындағы тұңғыш ойынын «Удинезеге» қарсы өткізді. Ал, желтоқсанда итальяндық «Tuttosport» газеті 21 жасқа дейінгі үздік футболшы атағын Мессиге тапсырды.
«Барселона» намысын қорғап жүріп, Месси екі бірдей Испания чемпионаты мен Чемпиондар Лигасын жеңіп үлгерді. Ал, 2008 жылы Аргентина құрамасымен бірге Пекиндегі жазғы Олимпиядалық ойындардың алтын медальдарына ие болды. 2008 жылы аса жарқын ойнымен көрінген ойыншы «Алтын доп» үшін күресте тек ешкімге дес бермеген Криштиану Роналдодан ғана ұтылды.
Ал, 2009 және 2010 жылдары, екі жыл қатарынан дауыс беруде оқ бойы озық шыққан Месси "Алтын доптың” иесi атанды.
Міне, өзін шебер ойыншы ретінде мойындатқан Месси әлемдегі ең қымбат футболшыға да айналды. 2010 жылы ол 31 миллион еуро табыс тауыпты. Одан кейін «Реалдың» тасын өрге домалатып жүрген Криштиану Роналду 27 жарым миллон еуро қаржы жиса, «Манчестер Юнайтед» ойыншысы Уэйн Руни мен «Лос-Анджелестің» жартылай қорғаушысы Дэвид Бекхэм үшінші-төртінші сатыда тұр.

ПЕЛЕ: «Месси әуелі маған жетіп алсын»

«Аргентиналық достарым үнемі Мессиді менімен салыстырғысы келеді. Әуелі Аргентинаның үздік ойыншысы кім екенін анықтап алсын. Ал, Лео соққан голын 1000-ға жеткізіп алсын, сосын дұрыстап сөйлесуге болады», – депті өзінің бағасын жақсы білетін футбол королі Пеле осыдан бір-екі жыл бұрын журналистерге берген сұхбатында. Пеле 1363 матчқа қатысып, 1280 гол салыпты. Бұл абсолютті рекорд саналады. Ал, сол кезде Мессидің үлесінде 133 гол болыпты.
Пеле тағы бірде: «Барселонада» ғана Месси өзін шебер футболшы екенін көрсетті. Аргентинаның құрамасында ойнаса, талантын өз дәрежесінде таныта алмай жүр», – деп «бүгінгінің Марадонасы» жайлы пікірін айтты.
Бәлкім, «Барселона» бапкерлері Мессидің бағын ашқан болар. Бағы мен бабы шапса, «Барсаға» да олжа емес пе?! Шындығында, Католониялық команданың басшылығы үшін Леоның орны «Барсадағы» басқа ойыншылардан ерекше немесе артық көрінеді десек те болады. Өйткені, Мессидің кабакта, сыраханада отырғанын көрмейсің немесе дау-шар, айқай-шу, ұрыс-керістің арасынан да таппайсың. «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннен алыс жүретін ол тек футбол ойнағанды ғана жан-тәнімен ұнатады. Басқа футболшылармен салыстырып қарағанда (Рональдиньо, Уэйн Руни, Криштиану Роналду) Лионель Месси алаңды тұтастай игеріп алады, мұндай ойынын – атақты ойыншының алаңдағы арлы-берлі шабысын көрген адам «мынау жын ба, шайтан ба» деп қалары анық.
Қазір Месси 24 жаста. Осы уақытқа дейін ол есіл-дерті футбол болған талай ойыншыға бұйырмаған қаншама жетістікке қол жеткізді. Бұдан кейін де «жаңа Марадона» талантымен талай жанкүйерін тәнті ететіні белгілі…
Ал, қазақтың «Мессиі» қашан шығады? Мүмкін бар шығар, бар болса, қайда жүр?..

Қосымша дерек:
Лионель Месси – ЮНИСЕФ ұйымының халықаралық елшісі болып табылады.
* * *
2009 жылы 1-ақпанда Испания біріншілігінде «Барселонаның» 5000-шы голын соқты.
* * *
2009 жылы желтоқсанда «Алтын допты» иеленген ең бірінші аргентиналық.
* * *
2009 жылы 21-желтоқсанда «Гауһар допты» иеленген алғашқы аргентиналық футболшы.
* * *
2010 жылы 6-шы сәуірде Лига чемпиондары тарихында бір ойында төрт гол соққан алтыншы футболшы.
* * *
2010 жылы 22 маусымда Аргентина құрамасының тарихында ең жас капитан атанды, сол уақытта ол 22 жасқа толған болатын.

Просмотров: 511 | Добавил: Nyka | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 KADYR  
0
ASHAT TAGIBERGEN KOSYNDAR DAUYS BERETINGE

Имя *:
Email:
Код *: